Атақты олигарх Қ. Боранбаев басына іс түсіп, сотты болған соң бостандыққа шығу үшін Астанадағы «Комфорт Отель Астана» қонақ үй кешенін мемлекетке өз еркімен өткізген болатын. Бүгін сол қонақ үй алғаш рет аукционға шығарылды. Бірақ Қайраттың қонақ үйін алушы табылмай, аукцион кейінге қалдырылды.
Аукциондағы шүу дегендегі баға 3 млрд 919 млн 431 715 теңге қаржы қазақстандық алпауыттар үшін шынымен-ақ көп пе? Сонымен бірге аукционға қатысу үшін 587 млн 914, 7 мың теңгені алдын ала құю керек деген талап та бар.
Бірақ болашақ қожайынды қонақ үйдің іргесінен аулақ жүруге итермелейтін бұл цифрлар емес сияқты. Ол — болашақ қожайынның құқықтарының тым шектеліп қалуынан туындап отырған сияқты. Мысалы, оның болашақ қожайыны осыншама қаржы құйып, сатып алса да қонақ үйді залогқа қоя алмайды екен. Жарғысын да өзгерте алмайды. Қонақ үйді таратуға, жоюға немесе қайта жасақтауға да қақысы жоқ. Қызметкерлерімен келісім-шартты да бұза алмайды. Осы және тағы басқа толып жатқан қорқынышты шектеулер қонақ үйге көзі түскендердің қолын жіпсіз байлап отырған сияқты.
Ал 105 нөмрі, салтанатты думанханасы, мәжіліс залы, саунасы, жаттығу залы, түріктің хамам моншасы бар қонақ үй бір жылда 65 млн 577 мың теңге паййда табады дейді. «Комфорт Отель Астана» ЖШС-ы компаниясының есебінде 2023 жылдың қаржылық қорытындысы бойынша 3 млрд 907,6 млн теңге болған. Жылдық табысын айттық.