Naizager. 28 мамыр, 2025
Кеңеске өңір әкімдері, министрліктер мен Amanat партиясының өкілдері қатысты.
Жиында Ұлттық экономика вице министрі Бауыржан Омарбеков пен Қаржы вице-министрі
Абзал Бейсенбекұлы баяндама жасады. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев,
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Түркістан облысының әкімі Нұралхан
Көшеров және Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев көтерілген мәселелер бойынша
сөз сөйлеп, ой пікірлерімен бөлісті.
Қанат Бозымбаев кеңесте Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент
қаласының әлеуметтік экономикалық дамуы, «Ауыл аманаты» жобасының іске
асырылуына баса назар аударды.
Жамбыл облысына келсек, 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында өңірдің экономикалық
өсімі 15,8 пайызды құрады. Бұл өнеркәсіп – 23,6 пайыз, ауыл шаруашылығы – 0,7 пайыз,
құрылыс – 22,1 пайыз, көлік – 11,2 пайыз, байланыс – 7,7 пайыз, сауда – 2,5 пайыз
салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға тартылған
инвестиция көлемі 66,8 пайызға артты. 173,2 мың шаршы метр тұрғын үй
пайдалануға берілді.
Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес облыстағы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік
игіліктер және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 2024 жыл қорытындысы
бойынша 74,1 пайызды құрап, өңірлер арасында төртінші орыннан көрінді. Өз кезегінде
Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлердегі экономикалық өсудің негізгі қозғаушы
күші – ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес саласы екенін алға тартып,
бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, инфрақұрылымды жаңғырту шараларын
қабылдауды ескертті.
Қанат Бозымбаев инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау Өңірлік стандарттар
жүйесінің көрсеткіштерін қатаң ескере отырып жүзеге асырылуы қажет екенін еске салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Amanat партиясының хатшысы Эльдар
Жұмағазиев «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекендерге жүргізілген скрининг
нәтижелерін баяндады.
Өңірдегі 153 ауылдық округке скрининг жүргізілді. Нәтижесінде 112 ауылдық округ
мал шаруашылығына, 63 ауылдық округ егін шаруашылығына мамандандырылғаны
анықталды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің хабарлауынша,
биыл 5 миллиард теңгеге 700 жобаны қаржыландыру жоспарланған.
Бұл 800-ден аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2019-2023 жылдары
аралығында «Ауыл аманаты» жобасына 40,8 миллиард теңге бөлінді. 8 027 жобаға
жеңілдетілген несие беріліп, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 5 жыл ішінде 62
ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Жергілікті бюджет есебінен 275 техника
сатып алынды.
Бүгінгі күнге берілген несиенің 99,6 пайызы өтелді. 2024 жылдың қыркүйегінен бүгінге
дейін қайтарылған қаражат есебінен 438 жоба (3,3 миллиард теңге) несиелендірілді.
Құлпынай, қызанақ, қияр және гүлдің бірнеше түрін өсіретін 31 жылыжай құрылысы
қаржыландырылды.
Биогумус және сабын өндіру, көлік жөндеу, құрылысқа қажетті материалдар дайындау,
наубайхана, тігін цехтары сияқты ауыл шаруашылығынан тыс 100-ден астам жоба сәтті
жүргізілуде.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлық несиелеу бағдарламасы іске асырылуда.
Бүгінге дейін әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға 757 бас мал тауарлық несие ретінде
берілді. Жыл соңына дейін 80-ге жуық тауарлық несие шарты жасалып, 5 мыңнан астам
мал таратылады деп күтілуде.
– Үкімет ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік
қолдаудың барлық шараларын, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасын жетілдіру
бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатыр, – деген Вице-Премьер аталған жобаға
атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатысуын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы
кооперативтерін құру, оларды жер ресурстарымен қамтамасыз ету және өзге де бағыттар
бойынша ұсыныстар енгізуді міндеттеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев көтерілген мәселелердің шешу жолдары
Үкімет деңгейінде қарастырылатынын атап өтті. Өңір әкімдіктері мен салалық министрліктерге
бірқатар тапсырма берді. Үкімет басшысының орынбасары сапар аясында Қазақ ұлттық
су шаруашылығы және ирригация университетінде болып, жай-күйін тексерді. Сондай-ақ
Тараз қаласы 16- шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы және «Түйте» каналының жағалауын абаттандыру жұмыстарымен танысты.