«Kazakhstan Engineering» ҰК» АҚ мен «Turkish Aerospace» компаниясы 10 мамыр күні Анкара қаласында әскери-техникалық әріптестік бойынша меморандумға қол қойды. Құжаттағы келісім бойынша «Kazakhstan Engineering» ҰК» АҚ қарасты компаниялардың бірінде алдағы уақытта әуеден барлау жасауға және соққы беруге арналған ұшқышсыз ұшатын аппаратты Қазақ елінде құрастыру мен оларға техникалық қызмет көрсету жөнінде жұмыстар қолға алына бастайды. Дәл мерзімі айтылмаса да, ең бастысы, келісім жасалды. Оның тезірек жүзеге асуына екі ел де мүдделі.
Барлау жасауға және әуеден соққы беруге арналған ANKA Түркияда 2013 жылы дүниеге келген. Оның салмағы 1 700 килограм және 350 килогарм жүкті (бома, снаряд) көтеріп, еркін самғай алады. Сириядағы және Күрділермен болған қайшылықтар кезінде сыннан өткен. Сонымен бірге, 9 000 метр биіктікте 30 сағат бойы қалықтап жүре береді.
Түркия үшін Қазақ елі ұшқышсыз ұшатын аппаратты өз жерінде шығаруға келісім жасаған ең алғашқы шетелдік мемлекет болып отыр. Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркия елінің Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшатын аппаратын Әзірбайжан (саны белгісіз), Катар (6 дана), Қырғыз (саны белгісіз), Марокко (13 данаға тапсырыс берген), Пәкістан (саны белгісіз), Түркіменстан (6 дана), Украина (6 дана), Эфиопия (бірнешеу) елдері сатып алған немесе сатып аламыз деп тапсырыс беріп қойған.
Осыған қарап оқырмандар «Таулы Қарабақ пен Ресей-Украина соғысы кезінде аты шыққан Bairaktar шығаратын зауытпен неге келісім-шарт жасамады?» деп те сұрақ қоюы мүмкін. Ол жағы, әрине, бізге белгісіз. Бірақ зерттеп білген мәліметтерімізге сенсек, Байрактарға қарағанда Анканың самғау биіктігі де, әуеде қалықтап жүре алатын уақыты да, нысанасына дөп тиетін мергендігі де одан осал емес сияқты. Екі елдің достығы мен қандас, бауырластығы ықпал етсе, Байрактар (қазақша ту ұстаушы) да боп қалар.
Сондықтан әзірге ANKA-ға қол жеткенінің өзіне қол соғып қоялық, ағайын!