Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. Осы ретте, 8 сәуір күні Жамбыл облысында облыс тұрғындарының қатысуымен бірқатар тазалық акциялары өткізілді.
Атап айтқанда, Тараз қаласы Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын ұйымдастырып, саябақты қоқыстардан тазартты.
«Өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы 2025 жылдан бастап табысты жүзеге асып келеді. Еңбек жасақтары студенттерді маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға атсалысуда. Қатысушылар айналаны көгалдандыруға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға үлес қосуда» — деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры А.Қадралиев.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Тараз қаласы Жібек Жолы ауданы №13 шағын ауданында, «Қарахан» кесенесінің аумағында, Сарысу ауданы Жаңатас қаласының орталық саябағында және Мойынқұм ауданында өткізілді.
Айта кетейік, облыс бойынша наурыздан айынан басталған көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз» «Жер сағаты» және т.б. акциялары өткізілуде.
Жамбыл облысында акция аясында 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың талдың бүгінге 70 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш санитарлық бұталанды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 910 бірлік техника жұмылдырылған
Айбек Қадірәлиев,
«Ақ жол» газеті.