Тиісті мамандардың мәліметі бойынша, тұжырымдама шеңберінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамыта отырып, келешегі зор ауылдардағы жобаларды іске асыруға баса назар аударылады. Даму әлеуеті жоғары елді мекендердің тізбесі 2019 жылы анықталып, әкімдіктердің ұсынысымен 2023 жылы бір ізге түсірілді. Енді обаларды орындау кезінде су, жылу, газ, электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып, қолайлы әлеуметтік жағдай жасалады.
Бағдарлама — ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Несиелік қолдау тетігінің ішінде шаруаларға 2,5%-бен шағын несие мен лизинг алуға болады. Қазір тиісті министрлік скрининг арқылы елді мекендердің қандай да бір кәсіпке мамандануын анықтау тәсілі мен ережелерін жаңартуда. Және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, шағыннесие беру тізімі кеңейтілуде.
Аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңа қызмет түрлері танылды. Мәселен, Абай мен ШҚО әкімдігінің ұсынысы бойынша тізімге шағын бизнестің перспективалық саласы ретінде туризм де енгізілді. Бұл қызмет түрлері неге Жамбыл облысына да енгізілмеске?
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шығындарды қысқарту мен логистиканы дамыту үшін шағын индустриялық аймақтар құру да көзделген. Олар өнімді сақтау, өңдеу мен сату алаңына айналып, жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орнын ашады.