13 ақпан 2025 жыл.
АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы байланысқан ұзақсонар әңгімесінде нені сөз етті? Ол сөздерде соғыс өрті өршіген елдер арасындағы қазіргі ахуалға қатысты ойлар, пікірлер айтылуы әбден мүмкін. Ол сөздер Украина тағдырына оң әсер ете ме? Әлде Украин халқының жағдайы бұрынғыдан да қиындата түсе ме? Сонымен…
-Тап қазір Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы ұзақ әңгімелестім. Біз Украина, Таяу Шығыс, энергетика, жасанды интеллект, доллардың қуаты және басқа тақырыптарды да әңгіме еттік», — дейді Трамп.
Екі серкенің әңгімесінде «ұлттардың ұлы тарихы» туралы, Екінші дүниежүзілік соғыстағы бірлесе жасаған әрекеттері сөз болған. «Ресей сол кезеңде ондаған миллион адамынан айырылғанын» да айтыпты.
-Біздің ұлттардың мықты тұстарын сөз етіп, бірлесе жұмыс істеу бізге қыруар пайда әкелетіні туралы сөйлестік. Бірақ ең бірінші, екеуіміз де келісіп отырған мәселе — біз Ресей-Украина соғысы салдарынан болып жатқан миллиондаған адамның өлімін тоқтатқымыз келеді. Президент Путин тіпті менің «Парасаттылық» деген сайлауалды ұранымды да қолданды. Екеуіміз де оған үлкен сенім артамыз. Біз бірге өте тығыз жұмыс істейміз, оның ішінде бір-біріміздің елімізге барамыз деген шешімге келдік. Сондай-ақ біздің командалар жедел келіссөздерді бастайды деген шешімді де қабылдадық. Украина Президенті Зеленскиймен сөйлесуден бастаймыз, тап қазір сонымен айналысамын», — деді Трамп.
Трамп келіссөздерге басшылық жасауды мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға, ЦРУ директоры Джон Рэтклиффке, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолцқа және арнайы өкіл Стив Виткоффқа тапсырған.
-Бұл соғыстың салдарынан миллиондаған адам көз жұмды. Бірақ соғыс басталды, енді ол аяқталуы керек. Енді бірде-бір жан құрбан болмауы керек. Мен президент Путинге оның бұл үндеуге уақыт бөліп, ынта танытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Сонымен бірге кеше өз басым Ақ үйде жеке күтіп алған керемет жан — Марк Фогельді босатқаны үшін алғыс білдіргім келеді. Біз жұмсаған күштің арқасында бәрі сәтті және жақын арада аяқталады деп сенемін, — деді Трамп.