Дәулескер күйші, алты алашқа аты белгілі «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаевты исі қазаққа таныстырып жатудың өзі артық. Шу өңірнен шыққан сол жампаозбен қазір күлі халық мақтанады. Күйін елітіп, елжіреп, толқып, толғанып отырып тыңдайды.
Бұл Желдібайдың тұқымы да осалдардан емес. Дүние есігін 1989 жылы ашқан Руслан Желдібай Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Ұлыбританиядағы Уорик университетін бітірген. «Уоригіңіз не?» десеңіздер, айтайық. Ол университеті 1965 жылы ашылған. Ковентри қаласына жақын орналасқан. Уорик — әлемдегі алдыңғы қатарлы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі.
Сондықтан Руслан Желдібай үшін ағылшын тілі де қазақ тілі сияқты оң жамбасына келіп тұр. Басқа тілдердің де өкпесі жоқ.
Талапты жас еңбек жолын 2012 жылы «Қазақстан» телеарнасында редактор болып бастады. 2012-2018 жылдары «Алматы» телеарнасында бөлім басшысы, продюсер болды. 2018-2019 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар комитетінің Интернет кеңістігіндегі және әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыс жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы, кейін басшысы қызметін атқарды.
2019-2020 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2020 жылдың мамыр айынан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2022 жылы ҚР Премьер-Министрі кеңсесі жетекшісінің орныбасары болып тағайындалды. 2023 жылы Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары — ҚР Перзидентінің баспасөз хатшысы болды. Одан кейін ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
Міне енді, Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Сұлтанұлы Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына қайта тағайындалды.
Осыдан кейін «Желдібай тегінен тарағандардың осалы жоқ» дегенді қалай айтпайсың?!