Ұлытау облысындағы шахтерлердің қайғылы қазасына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғырып көңіл айтты. Мемлекет басшысы өзінің жеделхатында Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішіндегі тау жыныстарының опырылып құлауы салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың туған-туысқандарына, жақындарына қайғыра көңіл айтып, қайғысын бөліскенін жазды.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы төтенше жағдайдың себеп-салдарын мұқият тексеруді және өңірдегі өндіріс саласы бойынша тиісті мекеме басшыларына, облыс әкіміне қаза тапқан жұмысшылардың отбасына қажетті шұғыл көмек беруді тапсырды.
Кеше, 17 ақпан күні «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кен орнында болған төтенше оқиғаның салдарынан т7 жұмысышы тау жыныстарының астында қалып, олармен байланыс үзілген болатын.
ТЖМ мәліметінше, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніште іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жетінші қызметкердің денесі табылды. Оның жеке басы анықталуда. Бүгінде қаза тапқан барлық жұмысшының денесі жер бетіне шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылған.
Бұған дейін ТЖМ авариялық-құтқару қызметтері алты жұмысшының денесін тапқанын, жетінші жұмысшыны іздеу жалғасып жатқанын хабарлаған болатын.
Ұлытау облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
-Осы факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі – «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген баспасөз мәліметінде.